Ғылыми-педагогикалық магистратураға (ҒПМ) кешенді тестілеу
Апелляция
Апелляцияға өтініш мазмұны бойынша және техникалық себептер бойынша қаралады.
Бірыңғай өлшемшарттардың сақталуын қамтамасыз ету және тест тапсырмаларын бағалау кезінде даулы мәселелерді шешу, тестілеуді өткізу кезеңінде түсушілердің құқықтарын қорғау мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия құрылады.
Апелляцияға түскен өтініштерді Республикалық апелляциялық комиссия тестілеу өткізілген күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде қарайды.
Апелляцияға берілген өтініште баяндалған нақты фактілер қарауға жатады. Онлайн апелляция нәтижелері өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Апелляция түрлері
Апелляция келесі жағдайларда қаралады:
Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша:
-

дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келмейді (дұрыс жауаптың нұсқасы көрсетіледі);
-

дұрыс жауап жоқ;
-

барлық ұсынылған жауаптардың ішінен бір дұрыс жауапты таңдау арқылы тест тапсырмаларында бір бірден артық дұрыс жауап бар (дұрыс жауаптардың барлық нұсқалары көрсетіледі);
-

тест тапсырмасы дұрыс құрастырылмаған.
Тест тапсырмаларын қайта қарау үшін мазмұны бойынша өтініш берген кезде дәлелді негіздемені (толық түсініктеме) көрсету қажет.
Техникалық себептер бойынша:
-

тест тапсырмаларының (мәтін, схемалар, суреттер, кестелер) шарттарының үзіндісі жоқ, нәтижесінде дұрыс жауапты анықтау мүмкін емес.
Апелляцияға қалай өтініш береді

Техникалық себептер бойынша апелляция
Техникалық себептер бойынша апелляцияға өтініш тестілеу барысында беріледі.
Апелляциялық өтініште апелляцияның себебі, тест тапсырмасы бар экранның скриншоты көрсетіледі, сондай-ақ дәлелді негіздеме жазу керек.
Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляция
Тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляцияға өтініш тестілеу аяқталғаннан кейін бірден тестілеуді тапсыру пунктінде 30 минут ішінде беріледі.
Тестілеу қорытындысы бойынша компьютер экранында таңдалған жауап нұсқасы, сондай-ақ әрбір сұрақ бойынша жинаған балл және блоктар бойынша жинаған баллдардың сомасы мен жалпы балл көрсетілген тестілеу нәтижелерін талдау картасы болады.
Сонымен қатар компьютер экранында «Тапсырма мазмұны бойынша апелляцияға өтініш беру» және «Апелляцияға өтініш бермей тестілеуді аяқтау» функциялары көрсетіледі.
Тапсырма мазмұны бойынша апелляцияға өтініш беру
«Тапсырма мазмұны бойынша апелляцияға өтініш беру» функциясын таңдаған жағдайда, тестіленуші апелляцияға беру үшін тест тапсырмаларына көшеді.
Апелляциялық өтініште апелляцияның себебі көрсетіледі және дәлелді негіздеме жазу қажет.
Апелляцияға берілген тест тапсырмаларымен жұмыс аяқталғаннан кейін тестіленуші «Апелляцияны аяқтау» батырмасын басады.
Экранда апелляцияға берілген тест тапсырмалары бойынша қабылданған өтінішті талдау картасы көрсетіледі.
Апелляцияға өтініш бермей тестілеуді аяқтау
«Апелляцияға өтініш бермей тестілеуді аяқтау» функциясын таңдағанда, апелляцияға өтініш беру мүмкін емес.
