uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 57 59 88
Жарияланды: 9 июля 2026
🙌7-16 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығында халықаралық ETS ұйымының делегациясы жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында атқарушы директор Terran Brown, психометрия жөніндегі бас маман Usama Ali, бағалау құралдарын жобалау және жасанды интеллект негізіндегі контентті әзірлеу жөніндегі маман Shona (Fergusson) Ruiz Diaz, бағалау үдерістерін ұйымдастыру жөніндегі стратегиялық кеңесші Esther Tesar және бағалау технологиялары, жүйелер және инженерлік шешімдер жөніндегі аға маман Kristina Scholz бар.
📆7 шілдеде ETS өкілдері ҚР ҒЖБМ мен ҰТО Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу бірлескен жобаның алғашқы екі кезеңін қорытындылап, емтихан моделін жобалау кезеңіне өтуге негіз болды.
🆕AIT жаңа моделі Қазақстан үшін арнайы әзірленуде. Ол жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне, ұлттық ерекшеліктерге және ETS-тің халықаралық тәжірибесіне негізделген. Жұмыс сессиялары барысында ҰТО, ETS және ҒЖБМ сарапшылары болашақ емтиханның негізгі параметрлерін бірлесіп талқылап, халықаралық үздік тәжірибелер мен қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің қажеттіліктерін ескере отырып жобалық шешімдер қабылдауда.
📆8 шілдеде командалар болашақ емтиханның архитектурасын талқылады. Атап айтқанда, AIT құрылымы мен ұзақтығы, модульдік қағидаты, академиялық құзыреттерді объективті бағалауға мүмкіндік беретін тапсырма түрлері, сондай-ақ толық жауапты тапсырмалардың форматтары, бағалау критерийлері мен рәсімдері қарастырылды.
📆9 шілдеде емтиханның тілдік стратегиясына ерекше назар аударылды. Сарапшылар әртүрлі тілде тест тапсыратын талапкерлер үшін тең жағдай жасау және нәтижелердің салыстырмалылығын қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ осы бағыттағы қажетті зерттеулерді талқылады. Сонымен қатар емтиханды өткізу циклі, тестілеу кезеңдері, тапсыру мүмкіндіктерінің саны және жаңа модельді апробациялау дизайны қарастырылды.
🔍Қабылданатын барлық жобалық шешімдер алдын ала сипатқа ие және пилоттық тестілеу барысында сарапшылардың ұсынымдары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері ескеріле отырып тексеріледі. Жаңа модельді апробациялау кезеңінде қолданыстағы ҰБТ жүйесі өзгеріссіз сақталады.
💼ҰТО, ETS және ҚР ҒЖБМ бірлескен жұмысы жалғасуда. Сарапшылардың жұмыс сапары аяқталғанға дейін емтихан моделін одан әрі жетілдіруге және жобалық құжаттаманы әзірлеуге арналған кезекті жұмыс сессиялары жоспарланған.