uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 79 98 89

📣Адам капиталына инвестиция: ҰТО мамандары ETS ұйымының Принстондағы штаб-пәтерінде тағылымдамадан өтеді

Жарияланды: 15 июля 2026


🤝ҰТО мен ETS бірлескен жобасындағы негізгі бағыттардың бірі – кадрлық әлеуетті дамыту. Осы бастама аясында ҰТО-ның 30 сарапшысы АҚШ-тың Принстон қаласындағы ETS штаб-пәтерінде тағылымдамадан өтеді. Олардың қатарында тест тапсырмаларын әзірлеушілер, психометрика мамандары және жасанды интеллект саласының сарапшылары бар. Бұл – білім беруді бағалау саласындағы әлемдік көшбасшының тәжірибесін тікелей меңгеріп, оны жаңа Admissions Insight Test (AIT) қабылдау емтиханын әзірлеуде қолдануға берілетін бірегей мүмкіндік.


📆15 шілдеде күннің бірінші жартысында Принстонға аттанатын алғашқы тағылымдамашылар тобы ETS әріптестерімен таныстыру әрі жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тараптар тағылымдама бағдарламасы мен жұмыс жоспарын, қатысушылар алдын ала дайындалуы тиіс мәселелерді, сондай-ақ тағылымдаманың негізгі мазмұнын құрайтын жаңа емтихан форматын талқылады.


📆Түстен кейін ҰТО мен ETS командалары жаңа тесттің дизайнын жобалау жұмыстарын жалғастырды. Негізгі назар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып тест тапсырмаларын әзірлеуге, қатысушылардың жауаптарын бағалау (скоринг) тәсілдеріне, сондай-ақ AIT емтиханының жергілікті ерекшеліктерге сәйкестігіне аударылды. Себебі бұл емтихан Қазақстан үшін арнайы әзірленіп жатыр және ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін дәл көрсетуі тиіс.


🔍Жоба аясындағы барлық шешімдер әзірге жұмыс деңгейінде қарастырылуда. Олар алдағы жұмыс сессияларының, апробация нәтижелерінің және сарапшылар мен академиялық қауымдастықтың ұсыныстары негізінде нақтыланады.