uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 79 98 89

ҰТО-НЫҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРІ – ОБЪЕКТИВТІ БАҒАЛАУДЫҢ НЕГІЗІ

Жарияланды: 4 июня 2026


Білім беру саласындағы бағалаудың әлемдік үрдістері өзгеріп келеді. Осы өзгерістермен бірге Ұлттық тестілеу орталығы да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бүгінде ҰТО – еліміздегі ең ірі емтихан орталығы әрі ұлттық деңгейде педагогикалық өлшемдер саласының ғылыми күн тәртібін қалыптастырып, халықаралық кеңістікке шығып келе жатқан зерттеу институты.


Ғылыми әлеует: мамандар және құрылым

Ғылымның дамуы ең алдымен кәсіби мамандардан басталады. Қазіргі уақытта ҰТО-да 2 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты, 7 PhD докторы, 5 докторант және 115 магистр жұмыс істейді. Әртүрлі ғылыми бағыттағы бұл зерттеушілерді Қазақстанда педагогикалық өлшемдер бойынша дербес ғылыми бағыт қалыптастыру  деген ортақ мақсат біріктіреді.  Мамандардың барлығы тестология және психометрика саласындағы жетекші әлемдік орталықтардың арнайы оқуынан өтіп, сертификаттар алған.

2024 жылы ҰТО құрылымында Ғылыми зерттеулер және психометрика зертханасы құрылды. Бұл – Қазақстанда осы бағыттағы алғашқы мамандандырылған құрылымдық бөлімше. Зертхана ҰТО-ның ғылыми зерттеулер орталығына айналды. Оның аясында жетекші халықаралық әріптестермен, атап айтқанда ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания), «Жоғары экономика мектебі» ҒЗУ-мен (Ресей) бірлесіп 11 ғылыми жоба іске асырылуда. Зерттеу бағыттары емтихандардың болжамдық валидтілігін, тест тапсырмаларының дифференциалды жұмыс істеуін, бағалау жүйелеріне арналған халықаралық салыстырмалы зерттеулерді, сондай-ақ тапсырмаларды әзірлеу мен автоматты бағалауда генеративті жасанды интеллектіні қолдануды қамтиды.


Жарияланымдар және әлемдік деңгейге шығу

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның ғылыми кеңістігінде педагогикалық өлшемдер бойынша жарияланымдар жүйелі сипат ала қоймаған еді. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. 2024–2026 жылдары ҰТО ұжымы 46 ғылыми еңбек жариялады. Олардың қатарында монография, 2 оқу құралы, жетекші отандық басылымдардағы мақалалар, сондай-ақ Қазақстандағы бұл зерттеу бағытын халықаралық деңгейге шығарған Scopus және Web of Science халықаралық ғылыми дерекқорларында индекстелетін журналдардағы 6 мақала бар. Тағы 4 қолжазба баспаға дайындалуда.

Әлемдік деңгейдегі журналдарда жарияланған зерттеу нәтижелері кең тақырыптық ауқымды қамтиды. Негізгі жұмыстардың қатарында қатысушылардың академиялық нәтижелеріне демографиялық сипаттамалардың (жынысы, өңірі, мектеп типі, оқу тілі) ықпалын зерделеу; қазақ және орыс тілдеріндегі тапсырмаларды орындауда үлкен тілдік модельдердің мүмкіндіктерін салыстырмалы талдау; AERA/APA/NCME стандарттары бойынша ұлттық емтиханның алғашқы ауқымды валидациясы; мәдениетаралық коммуникативтік құзыреттілікті бағалауға арналған психометриялық құралдарды әзірлеу бар. Frontiers in Big Data журналында жарияланған, сарапшылық бақылауы бар тест тапсырмаларын автоматты генерациялау платформасына арналған мақала айрықша назар аудартады. Бұл – генеративті жасанды интеллектінің ұлттық тестілеу жүйесіне енгізілуін әлемдік тәжірибеде алғашқылардың бірі болып құжаттаған зерттеулердің бірі.

Зерттеулер шетелдік ғалымдармен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде. Жарияланымдардың бірлескен авторлары қатарында Принстон, Лондон, Мәскеу зерттеушілері бар. Мұның өзі педагогикалық өлшемдер саласындағы қазақстандық ғылыми мектептің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көрсетеді.


«Педагогикалық өлшемдер» журналы: елдегі алғашқы салалық ғылыми алаң

2024 жылғы наурызда ҰТО «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-практикалық журналын құрды. Бұл – Қазақстандағы осы ғылыми-зерттеу бағыты бойынша алғашқы мамандандырылған басылым. Қазіргі таңда журналдың 5 нөмірі жарық көрді. Редакциялық алқа құрамына жетекші шетелдік ғалымдар енгізілген, бұл басылымның алғашқы нөмірлерінен-ақ жоғары сарапшылық деңгейін қамтамасыз етеді.

Әлемдік тәжірибеде педагогикалық өлшемдер дербес теориялық базасы және мамандандырылған басылымдар жүйесі бар жеке ғылыми пән ретінде әлдеқашан қалыптасқан. Қазір әлемде осы бағыттағы 12-ден астам бейінді журнал шығарылады. ҰТО журналының іске қосылуы осы саладағы елеулі олқылықтың орнын толтырды: енді отандық зерттеушілер өз нәтижелерін жариялап, тәжірибе алмасып, кәсіби пікірталас жүргізетін, ұлттық тілдік және білім беру контекстіне жақын ғылыми алаңға ие болды.


Халықаралық ынтымақтастық және аудит

Жүргізіліп жатқан зерттеулердің іргелі сипаты жарияланымдармен ғана емес, халықаралық аудитпен де расталады. 2025 жылы ҰТО AlphaPlus компаниясымен (AQA, Ұлыбритания) бірлесіп ұлттық тестілердің валидтілігіне тәуелсіз сараптама жүргізді. Бұл – қазақстандық білім беру бағалауы тарихындағы осындай алғашқы рәсімдердің бірі. Аудит қолданылатын құралдардың сенімділігі жоғары екенін көрсетті: Кронбах альфа коэффициенті 0,780 және 0,815 болды. Сонымен қатар сараптама алдағы даму бағыттарын нақты айқындап берді. Бұл деректер соңғы екі жылда Орталық қалыптастырған дәлелді базаның бір бөлігіне айналды.

2024 жылдан бері ҰТО білім сапасын бағалаудың өзекті мәселелері бойынша жетекші шетелдік ғалымдарды шақыра отырып, жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп келеді. Сонымен қатар Орталық ғалымдары АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Түркиядағы жетекші форумдарда баяндама жасайды. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстанның тестілеу ұйымдарымен ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қазақстандық тәжірибе өңірлік модель ретінде жиі қарастырыла бастады.

Биыл ҰТО мамандарын Принстондағы ETS зерттеу институты базасында кәсіби даярлау жоспарланып отыр. Оқу барысында қызметкерлер психометриялық талдаудың, тапсырмаларды әзірлеу мен калибрлеудің, сондай-ақ бағалауда жасанды интеллектіні қолданудың заманауи әдістерін меңгереді. Бұл – кадрлық әлеуетке жасалған ұзақ мерзімді инвестиция, ол отандық тәжірибеге жаңа сарапшылық құзыреттер әкеледі.


Қорытынды: жаңа ғылыми бағыттың қалыптасуы

Осы нәтижелердің жиынтығы – 11 ғылыми жоба, 46 жарияланым, оның ішінде Scopus/WoS дерекқорларындағы 6 мақала, халықаралық аудит, мамандандырылған журнал және жоғары білікті мамандар – Қазақстанда ел үшін жаңа ғылыми бағыттың институционалдық, кадрлық және әдіснамалық негізі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Педагогикалық өлшемдер емтихан процесіне қызмет ететін қолданбалы бағыт шеңберінен шығып, өзіндік зерттеу бағдарламасы, халықаралық байланыстары және жарияланымдық тарихы бар дербес ғылыми пәнге айналып келеді.

ҰТО мына ұстанымды басшылыққа алады: бағалау сапасы оның негізінде жатқан ғылымның сапасымен айқындалады. 2024 жылы басталған жүйелі ғылыми-зерттеу жұмысы – Қазақстандағы әрбір емтиханның әділ, дәл әрі адам әлеуетін өлшейтін мәнді құрал болуына бағытталған ұзақ мерзімді үлес.