uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 57 59 88

ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ МЕН ETS БІЛІМ БЕРУ ӨЛШЕМДЕРІ САЛАСЫНДА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА

Жарияланды: 28 января 2026


Educational Testing Service (ETS, АҚШ) халықаралық ұйымының шақыруы бойынша Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов ETS штаб-пәтерінде болып, Принстон саммитінің жұмысына қатысты, сондай-ақ ұйым басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.


Принстон саммиті ETS пен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталды.


«Білім беру өлшемдері саласындағы мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбындағы панельдік пікірталас барысында ҰТО директоры   Б.Абдрасилов Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді модернизациялау тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда, тестілеудің барлық кезеңдерін цифрландыру, аналитикалық құралдарды енгізу, емтихан рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Бағалаудың сенімділігі, академиялық адалдық және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.


Саммит қатысушыларына ҰТО-ның ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания) және Жоғары экономика мектебінің Психометрика және білім берудегі өлшемдер орталығымен (РФ) бірлесіп жүзеге асырған ғылыми-зерттеу және талдамалық әзірлемелерінің нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар ҰБТ үдерістерін мониторингтеу және жетілдіру мақсатында қолданылатын Dashboard ақпараттық-талдамалық платформасының негізінде үлкен деректерді терең талдау мүмкіндіктері көрсетілді. Халықаралық сарапшылар тарапынан ҰТО-ның пәндік білімді тексеруден жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын бағалауға көшу бағытындағы әдістемелік әзірлемелері ерекше қызығушылық тудырды.


ҰТО мен ETS арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа арналған арнайы сессия аясында ETS атқарушы директоры Теран Браунмен бірлесіп, жоспарланып отырған ортақ жоба шеңберінде оқуға түсу емтихандарын жетілдірудің бірыңғай тұжырымдамасы ұсынылды. Талқылау барысында бейіндік пәндерді қайта жобалау, инновациялық бағалау модульдерін енгізу, сондай-ақ сыни ойлау, цифрлық және жасанды интеллект сауаттылығын бағалау құралдарын кеңейту перспективалары қарастырылды.


ETS бас директоры Амит Севакпен өткен кездесу барысында тараптар білім беру өлшемдері саласындағы әріптестікті одан әрі дамыту және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. ETS-пен ынтымақтастық ұлттық бағалау жүйесіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және оның сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.


ҰТО мен ETS арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл ұлттық тестілеу жүйесін жаңғыртуға, ғылыми-әдістемелік әлеуетті нығайтуға және елдің адами капиталын дамытуға бағытталған.


College Board ұйымының стратегиялық серіктестік пен өзара іс-қимыл жөніндегі аға директоры Брэнди Уотерспен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында Ұлттық тестілеу орталығы мен College Board арасында әріптестік қатынастар орнату жоспарлары белгіленіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларының негізгі бағыттары айқындалды. Сонымен қатар SAT және Advanced Placement (AP) емтихандарын қабылдау, сондай-ақ олардың нәтижелерін ЕНТ балдарына конвертациялау мәселелері талқыланды.


Анықтама үшін: Educational Testing Service (ETS) – GRE, TOEFL және TOEIC емтихандарын әзірлейтін, білім мен құзыреттерді бағалау саласында көпжылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық ұйым. ETS жыл сайын АҚШ-та және әлемнің 180 елінде шамамен 50 миллионға жуық емтиханды әкімшілендіреді. ETS ғылыми зерттеулерге негізделген ауқымды бағалау жобаларын жүзеге асырады, оның ішінде АҚШ-тың Білім министрлігімен (NAEP) және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымымен (PIAAC, PISA for Schools, PISA VET) жасалған келісімшарттар бар. Сонымен қатар ұйым мемлекеттік және қайырымдылық құрылымдар қаржыландыратын ғылыми-зерттеу және қолданбалы жобаларды іске асырады. ETS зерттеушілері 12 000-нан астам ғылыми еңбек пен 300 кітап жариялап, 226 патентке ие болған.