ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ МЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жарияланды: 27 ноября 2026
Ұлттық тестілеу орталығы мен Түркістан облысының Білім басқармасы Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) нәтижелерін талдау және оның деректерін өңірдегі білім беру ұйымдарымен жұмысты жоспарлау кезінде тиімді пайдалану бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық педагогтер тамыз конференциясында берген тапсырмаларына сәйкес келеді. Президент қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту, ҰБТ көрсеткіштері төмен өңірлердегі жұмысты күшейту, қалыптасқан жағдайға жан-жақты талдау жүргізу және оның негізінде кешенді шешімдер әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – Түркістан облысы түлектерінің ҰБТ нәтижелеріне жүйелі талдау жүргізу, облыс, аудандар, қалалар мен мектептер бөлінісіндегі көрсеткіштер динамикасын анықтау, сондай-ақ жекелеген пәндер мен тақырыптық бағыттар бойынша нәтижелерді зерделеу.
Меморандум аясында талдамалық материалдар дайындалып, деректерді талдау әдістемесі бойынша консультациялық қолдау көрсетіледі. Талдау нәтижелерін Білім басқармасымен, аудандық және қалалық білім бөлімдерімен, әдістемелік қызметтермен бірлесіп талқылау көзделген. Бұл білім беру ұйымдарымен алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға және ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін ҰБТ нәтижелерін талдау бағытындағы осындай меморандумға ҰТО мен Алматы облысының Білім басқармасы да қол қойған болатын.
Осылайша, Ұлттық тестілеу орталығының талдамалық әлеуеті мен өңірлік білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін ұштастыру арқылы анықталған мәселелер бойынша нақты әрі нысаналы жұмыс жүргізуге, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді шешімдер әзірлеуге жол ашылады.