uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 79 98 89

ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНА ҒЫЛЫМИ ҰЙЫМ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ

Жарияланды: 25 мая 2026


Үкімет қаулысының негізінде Ұлттық тестілеу орталығына ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Бұл шешім ҰТО-ның жүйелі ғылыми-зерттеу жұмысына берілген жоғары баға болып, білімді бағалаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.


Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ, КТ, педагогтердің білімін бағалау және басқа да тестілеу түрлері бойынша емтихандардың валидтілігін, сенімділігін және DIF-талдауын қамтитын психометриялық зерттеулерді белсенді жүргізіп келеді. Сонымен қатар тапсырмаларды автоматты түрде әзірлеу, автоматты бағалау және прокторинг бағыттарында жасанды интеллект технологиялары енгізілуде.


Зерттеулер ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания) және Жоғары экономика мектебі (Ресей) сияқты жетекші халықаралық ұйымдармен бірлесіп, 11 ғылыми жоба аясында жүзеге асырылуда. Алынған нәтижелер халықаралық конференцияларда, саммиттер мен симпозиумдарда таныстырылып, ұлттық бағалау жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізуге ықпал етіп отыр.


ҰТО-ның ғылыми әзірлемелері ETS ұйымымен бірлесіп жаңа Admissions Insight Test (AIT) қабылдау емтиханын әзірлеу жобасына да негіз болды. Бұл емтиханды әзірлеу жұмысы 2026 жылы басталды.


«AIT тесті – халықаралық деңгейде танылуға бағытталған, ETS зерттеу институтымен бірлесіп әзірленген модульдік емтихан. Ол мектеп бағдарламасына және таңдалған оқу бағытына сәйкес пәндік білімді, сондай-ақ практикалық дағдыларды бағалайды. Атап айтқанда, сыни ойлау, академиялық жазылым, зерттеу және коммуникациялық қабілеттер, сандық және цифрлық сауаттылық, шығармашылық ойлау дағдылары қамтылады. Тест әзірлеу сапасын арттыру және нәтижелерді тереңірек талдау үшін жасанды интеллект пен озық аналитиканы қолданады. Бұл қазақстандық студенттерге университетке түсу кезеңінің өзінде халықаралық танылу мүмкіндігін ашады», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.


ҰТО жүргізіп отырған ғылыми-зерттеу жұмысына ETS өкілі Джейсон Хилл жоғары баға берді.


«Көптеген елдер тестілерді жай ғана әзірлейді. Ал Қазақстан тестілеудің ғылыми негізін дамытуға инвестиция салып, өзгеше бағыт таңдады. Ұлттық тестілеу орталығының ғылыми ұйым ретіндегі жаңа мәртебесіне қол жеткізуі – көпжылдық психометриялық зерттеулердің нәтижесі», – деді ол.


ҰТО-ға ғылыми ұйым мәртебесінің берілуі Қазақстанда ғылыми зерттеулерге, халықаралық ынтымақтастыққа және озық технологияларға негізделген заманауи бағалау жүйесі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.