uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 79 98 89

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН БІЛІМ САПАСЫН БАҒАЛАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

Жарияланды: 14 апреля 2026


Әзірбайжан Республикасы Мемлекеттік емтихан орталығының құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шаралар аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған жиынға ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Талғат Ниязов қатысты.


Іс-шара барысында тестілеу жүйелерін жетілдіру, тәжірибе алмасу және кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.


Конференциядағы өз сөзінде Талгат Ниязов Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі, оның дамуы, қазіргі форматы мен жаңғырту перспективалары туралы баяндады. Ол Ұлттық тестілеу орталығы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, тест тапсырмаларын әзірлеу, процестерді цифрландыру және талдамалық жұмысты атап өтті. Ерекше назар заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізуге, сондай-ақ бағалау сапасын арттыру үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытуға аударылды. Сөз соңында ҰБТ-ны трансформациялау және тек білімді ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларды бағалауға бағытталған жаңа емтихан форматын енгізу жоспарлары ұсынылды.


Сондай-ақ, ол Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрсейіт Байжановтың құттықтау хатын оқып беп берді. Құттықтау жолдауында ол Мемлекеттік емтихан орталығының төрайымы Малейка Аббасзаде ханымды және орталық ұжымын мерейтойымен құттықтап, ұйымның білім беру жүйесінде және мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу үдерісінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалады.


Конференция аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің емтихан орталықтары арасындағы білім сапасын бағалау және емтихандарды әкімшілендіру саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы ниет хаттамасына қол қойылуы да маңызды қадам болды.


Аталған іс-шараға қатысу Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ білім сапасын бағалау және емтихан жүйелерін жетілдіру саласындағы әріптестікті дамытуға ықпал етеді.