uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 57 59 88
Жарияланды: 23 июня 2026
Бүгін сіздерге грант конкурсындағы квоталар туралы айтып өтсем. Жалпы, квота дегеніміз не?
Квота дегеніміз – азаматтардың белгілі бір санаттарына арналған бюджеттік орындардың бөлінген үлесі. Бұл квотаға құқығы бар талапкерлерге осы орындарға арналған жеке конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Бірден айтып өтсем, квоталар ҰБТ-ға балл қоспайды.
Мысалы, ауыл квотасы 35%-ды құрайды. Яғни, белгілі бір мамандыққа бөлінген гранттың 35%-ы ауыл квотасы бойынша тағайындалады. Егер белгілі бір мамандық бойынша 100 грант бөлінсе, оның 35-і ауыл квотасы бойынша беріледі. Бұл ретте ауыл талапкерлері жалпы конкурс бойынша да түсе алатынын айтып өткен жөн.
Квотаның 10 түрі бар. Олар:
1) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 2%;
2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін, – 0,2%;
3) ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін, яғни, Ауыл квотасы – 35%;
4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін, яғни, қандастарға – 4%;
5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін, – 1%;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін, яғни, Серпінге – 3%;
7) кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін, – 5%;
8) кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін, – 3%;
9) бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін, – 2%;
10) әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан Республикасының азаматтары үшін, – 2,5%.
Естеріңізге сала кетсем, грант конкурсына құжаттар қабылдау 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылады. Өткізіп алмаңыздар!
Сәттілік!