uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 57 59 88

«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӨЛШЕМДЕР» ЖУРНАЛЫ ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ҰСЫНАТЫН БАСЫЛЫМДАР ТІЗБЕСІНЕ ЕНДІ

Жарияланды: 23 июня 2026


ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы 2026 жылғы маусымнан бастап «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-практикалық журналының Ғылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілгенін хабарлайды.


Журналдың ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілуі – басылымның дамуындағы маңызды кезең болып табылады және  басылымның жоғары ғылыми деңгейін, отандық ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар мен стандарттарға сәйкестігін, сондай-ақ педагогикалық өлшемдер мен білім сапасын бағалау саласындағы зерттеулерді дамытуға қосып отырған елеулі үлесін айқындайды.


«Педагогикалық өлшемдер» журналы – білім беру нәтижелерін бағалаудың, білім сапасын басқарудың, педагогикалық өлшемдердің заманауи тәсілдеріне, сондай-ақ білім беру саласында жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды қолдану мәселелеріне арналған зерттеу нәтижелерін жариялайтын мамандандырылған ғылыми алаң болып табылады.


Мақала авторларының қатарында Қазақстан Республикасы мен шет елдердің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд, Түркия, Әзербайжан Республикасы және Ресей Федерациясының жетекші ғалымдары, зерттеушілері мен мамандары бар. Авторлар мен редакциялық алқаның халықаралық құрамы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және жарияланатын материалдардың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге ықпал етеді.


«Педагогикалық өлшемдер» журналы жылына төрт рет жарық көреді және озық ғылыми білімді таратуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, білім беру жетістіктерін бағалау мен білім сапасын басқару саласындағы заманауи үрдістерді талқылауға мүмкіндік беретін алаң қызметін атқарады.


Журналдың нөмірлері және жарияланымға қойылатын талаптармен журналдың ресми сайтында танысуға болады: https://testcenter-zhurnal.kz.


Ұлттық тестілеу орталығы ғалымдарды, зерттеушілер мен практик мамандарды «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-практикалық журналының беттерінде ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялауға және ынтымақтастық орнатуға шақырады.