uto@testcenter.kz Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60 +7 (7172) 57 59 88

БІЛІМ МЕН ДАҒДЫ ҚАТАР БАҒАЛАНАДЫ: ҚАЗАҚСТАНДА ЖОО-ҒА ҚАБЫЛДАУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Жарияланды: 17 ноября 2026

Казахстан разрабатывает новую систему оценивания для Қазақстан жоғары оқу орындарына түсуге арналған жаңа бағалау жүйесі – Admissions Insight Test (AIT) әзірлеуде. Жоба Білім беру тестілеу қызметі (Educational Testing Service, ETS) халықаралық ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Ұйымның білім беру саласындағы зерттеулер мен бағалау бағытында 75 жылдан астам тәжірибесі бар.

AIT жүйесін әзірлеу барысы, халықаралық тәжірибе және Қазақстанның білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы ETS ұйымының AIT жобалық кеңсесінің директоры Эстер Тесар (Esther Tesar) Ұлттық тестілеу орталығының UTO Talks подкастында айтып берді.

ҰТО мен ETS бірлескен зерттеуі аясында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, мектеп оқушылары, мұғалімдер мен ата-аналардан 4 102 жауап жиналды. Сонымен қатар 61 қатысушымен фокус-топтар мен сұхбаттар өткізілді.

Зерттеу нәтижелері жоғары оқу орындарының талапкерлердің құзыреттерін кеңірек бағалауға мүдделі екенін көрсетті. Атап айтқанда, сыни ойлау, академиялық жазылым, зерттеу және коммуникациялық дағдылар, цифрлық және сандық сауаттылық, креативті және дизайндық ойлау қабілеттеріне басымдық берілген.

«Ең сұранысқа ие дағды – сыни ойлау. Одан кейін академиялық жазылым, зерттеу дағдылары және коммуникация тұр. Бұл құзыреттер жоғары оқу орындарының өкілдері үшін ғана емес, мектеп оқушылары, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де маңызды», – деп атап өтті Эстер Тесар.

Зерттеу нәтижелерін ескере отырып, AIT модульдік құрылым негізінде әзірленеді. Ол барлық талапкерлерге арналған әмбебап модульдерді, жекелеген білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін бейіндік модульдерді және қажет болған жағдайда қосымша модульдерді қамтиды. Осылайша, жаңа жүйе пәндік біліммен қатар, жоғары оқу орнында білім алуға қажетті дағдыларды бағалауға мүмкіндік береді. Тестілеуді үш тілде өткізу жоспарланып отыр.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан шетелдік емтихандарды көшірмейді, керісінше, халықаралық тәжірибені елдің ұлттық және білім беру ерекшеліктеріне бейімдей отырып, өзіндік бағалау моделін қалыптастыруда.

Мемлекеттік білім беру гранттарының ауқымы халықаралық сарапшылардың ерекше назарын аударды.

«Біздің командамызды ерекше таңғалдырған жайттардың бірі – мемлекеттік білім беру гранттарын иеленетін студенттер үлесінің жоғары болуы. Бұл Қазақстанды көптеген басқа елдерден ерекшелендіреді және мемлекеттің білім беруге қаншалықты үлкен мән беретінін көрсетеді», – деп атап өтті Эстер Тесар. Сондай-ақ ол бірқатар елдерде гранттар мен шәкіртақылар тек академиялық нәтижелерге ғана емес, студенттердің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қажеттіліктеріне де байланысты берілетінін айтты. Сарапшының пікірінше, жоғары білімді мемлекеттік қолдаудың ауқымы – Қазақстанның білім беру моделінің айрықша ерекшеліктерінің бірі.

AIT жүйесін әзірлеу бағалаудың валидтілік, сенімділік және әділдік қағидаттарына негізделеді. Жобаның келесі кезеңінде отандық мамандарды даярлауға басымдық беріледі. Атап айтқанда, Ұлттық тестілеу орталығының сарапшылары ETS ұйымында тағылымдамадан өтіп жатыр.

Жаңа модель әзірленгеннен кейін пилоттық және далалық тестілеу, сондай-ақ алдын ала тестілеу кезеңдері қарастырылған. Бұл кезеңдер тапсырмалардың сапасын бағалауға және қажетті статистикалық деректер жинауға мүмкіндік береді. Пилоттық тестілеу барысында қатысушыларға балл қойылмайды.

Эстер Тесардың айтуынша, жаңа жүйені әзірлеумен қатар, оны одан әрі жетілдіру, психометрия саласындағы сараптаманы дамыту және жоғары оқу орындары мен білім беру үдерісіне қатысушылармен тұрақты диалог орнату маңызды.

Admissions Insight Test жүйесін әзірлеу Қазақстандағы жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде бағалау тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Ұлттық тәжірибе мен халықаралық сараптаманы ұштастыру арқылы талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, университетте табысты білім алуға қажетті құзыреттерін де бағалайтын жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.