Ұлттық тестілеу орталығы
Қазтест жүйесін дамыту басқармасының басшысы,
п.ғ.к. М.М. Мұқаметқали
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының даму жолы, бағыт-бағдары туралы бірқатар маңызды мәселені көтере отырып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Тіліміздің ұлтаралық тілге айналуы ортақ тарихи сананы нығайтуға, қазақстандық құндылықтарды арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде тіліміздің өркендеп, дамуына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде Қазтест-тің орны ерекше.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2005 жылғы 3 қазандағы «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін жасау және соның негізінде оқыту әдістемесін әзірлеу» жөніндегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес 2006 жылдан бері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының базасында ҚАЗТЕСТ жүйесі еліміздегі азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау құралы ретінде қызмет етіп келеді.
Қазтест – бұл Қазақстан Республикасы азаматтары мен Қазақстан Республикасы аумағындағы шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Жүйе халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтқанда, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) ұстанымдарына негізделген және тілдік білімді тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым, жазылым сияқты сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша бағалайды. ҚАЗТЕСТ құрылымы жағынан жоғарыда аталған тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйелеріне сәйкес келгенімен, өзіндік ерекшеліктері бар ұлттық жүйе. Басты ерекшелігі – тест тапсырушы тұлғаның әлеуметтік-мәдени құзыретін айқындау. Тест тапсырушы қазақ тілін тек қатысым құралы ретінде ғана емес, сол тілді қолданушы қазақ ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық дүниетанымын түсіну, білу тұрғысынан да игергенін көрсете алуы тиіс. Біз мұндай талапты тілді білу дәрежесін бағалаудың Кембридж емтихандары базасы бойынша жіктелетін деңгейлердің ішінде CAE (Certificate of Advanced English) емтиханының тапсырмаларынан кездестірдік. Осыған ұқсас талап, атап айтқанда, жекелеген мемлекет бойынша елтанымдық білім мен мерзімді баспасөзбен таныс болуды міндеттейтін талап Оксфорд университетінің емтиханында да (The Oxford Written Examinationin Englishas a Foreign Language) бар.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазтест жүйесі мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырудың негізгі көрсеткішін іске асыру тетігі ретінде қарастырылып, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлеріне, ұлттық компаниялар мен холдингтердің қызметкерлеріне, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін үміткерлерге Қазтест жүйесі бойынша тестілеу өткізу міндеті қойылып отыр.
Осыған орай, мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін орындау мақсатында орталық және жергілікті органның, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің қызметкерлері мен ұлттық компаниялар мен холдингтердің қызметкерлері жыл сайын Қазтест тестілеуінен өтуде.
Қандай бір мемлекеттік мекеме, ұйым болсын сол мекемеде мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы, насихатталуы, мемелкеттік тілдің қолданылуы тікелей сол мекемені басқарып отырған басшының қойған талабына байланысты екені белгілі. Егер басшы өз қызметкерлеріне тілді білу қажеттілігі жөнінде қатал талап қойса, сол мекемеде немесе ұйымда болсын мемлекеттік тілдің кеңінен қолданысқа енгізіледі.
Қазіргі уақытта «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мұғалімдерін жұмысқа қабылдау кезінде немесе аттестациядан өту барысында міндеті түрде Қазтест сертификаты талап етіледі. Қазтест сертификаты болған жағдайда еңбекақыларына үстемеақы қосу қарастырылған. Сол сияқты ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі академиясы, ҚР Бас прокуратурасында қызметкерлердің резервке тұру барысында мемлекеттік тілді білуі міндеттелген. 2019 жылдан бастап халықаралық «Хейлибери-Астана», «Хейлибери-Алматы» мектептерінің жоғары сынып оқушылары да Қазтест тестілеуінен өтуде.
2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 425 638 адам тестілеуден өтіпті. Соңғы жылдардағы статистикаға тоқталсақ: 2016-2020 жылдар аралығында – 162 962 адам өткен. Оның ішінде: мемлекеттік қызметшілер – 62 117 адам; бюджеттік сала қызметкері – 70 588; ұлттық компаниялардың қызметкері – 1817; «Болашақ» стипендиясына үміткерлер – 2752 адам; әскери сала мамандары – 16 643; «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚҚ мұғалімдері мен басқару персоналы – 4652; ҚР Ұлттық Банкі қызметкерлері – 362; басқа сала қызметкерлері – 4031 адам.
Соңғы жылдары ҚР Ұлттық Банкі және «ҚазАтомӨнеркәсіп», «KEGOK», «Қазагро» сияқты ірі компания басшылары қызметкерлерінің мем¬лекеттік тілді меңгеруіне ерекше назар аударып, осы жүйе бойынша қызметкерлерін тестілеуден өткізуде.
Қазіргі уақытта Қазтест тестілеуін жаңа форматқа көшіру жұмыстары қолға алынды. Яғни тестілеудің құрылымына, мазмұнына өзгерістер енгізу, тапсырмаларды ықшамдау жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа форматқа көшу барысында халықаралық TOEFL, IELTS, TOMER, ТРКИ секілді тілдік білімді бағалау жүйелеріне салыстырмалы талдау және қосымша зерттеулер жасалды. Бұл халықаралық тіл білімін бағалау жүйелерінің талаптарына сәйкес келеді. Бес деңгей бойынша тапсырмалар және ауызша жұмыстарды бағалау межелері әзірленуде. Қазтест жүйесіндегі тапсырмалар саны ықшамдап, 150 тапсырмадан 100-ге қысқарту қолға алынды. Қайталанатын тапсырмалар, қазақ тілі құрылымының грамматикалық категорияларын бағалайтын кейбір тапсырмалар алынып тасталды.
Тест тапсырмаларының түрлері анағұрлым тиімді, мазмұны жағынан қызықты, құрылымы бойынша нақты және оқуға ыңғайлылық тұрғысынан ауыстырылды. Тест тапсырмаларындағы диалогтер мен мәтіндерді іріктеу тәсілі өзгертілді, мұнда тестіленушілердің әлеуметтік тобына сәйкес тест сұрақтарын бейімдеу талабы басшылыққа алынды.
Бүгінгі күнге дейін Қазтест жүйесінің жаңа форматын пилоттық режимде әртүрлі әлеуметтік топтарда байқау сынағынан өткізілді.
Тілді білу деңгейін бағалау арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде тілдің әлеуетін барынша пайдалану өте маңызды. Қазақтың біртуар жазушысы Ж.Аймауытұлы «Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсапасын да меңгеру» деп, оның практикалық, өмірлік мәніне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде ғалымның бұл айтқан тұжырымдары өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Тілді тіл үшін емес, тілді қолданыстық, практикалық тұрғыдан мақсатты түрде оқыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте еліміздегі білім беру жүйесінің құрамдас бөлігіне айналған алынған білім деңгейін бағалаудың Қазтест жүйесі де республика азаматтарының тілдік құзыреттілігін арттыру ісіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйелерін құру кез келген мемлекет үшін қажетті іс деп санаймыз, себебі тілдік білімді игеру сол тіл мемлекеттік тілі болып саналатын елдің мемлекеттік құндылықтарын құрметтеу, қоғамдық құндылықтарын ұстану және тұлғалық құндылықтарды иемдену тұрғысынан өте маңызды.
Жалпы білім беру сапасын, оның ішінде тілдік білімді бағалау педагогикалық өлшемдерге негізделетіндіктен, бүгінгі күнде тестіленушілердің тілдік білімін бағалау-өлшем құралдарының белгілі бір қоры қалыптастырылған. Қазіргі уақытта тілші-ғалымдардың, әдіскерлердің тестология саласының мамандарымен Қазтест жүйесі бойынша 100 мыңнан астам тест тапсырмаларының қоры әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
Жалпы тест тапсырмаларын жетілдіру, сапалы әзірлеу, қажетті мамандарды дұрыс іріктей білу қоғамда сол тілге деген қажеттіліктің, сұраныстың болуына да байланысты екенін ұмытуға болмайды.
Соңғы жылдары қазақ тілін оқыту сапалық жағынан жоғары деңгейге көтеріліп, қоғам мүшелерінің қазақ тілін меңгеруге деген сұранысы артып келеді. Осыған орай, 2011 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша тест тапсырушылардың алдын ала емтиханға дайындалуы үшін арнайы деңгейлік оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу жұмыстары қолға алынған.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысымен қазақ тілін оқытуға арналған деңгейлік оқу құралдары жарыққа шықты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Назарбаев университетінің оқытушылары мен ғалымдары, халықаралық «Haileybury» мектебінің тәжірибелі тіл мамандары аталған оқулықтарды әзірлеу ісіне тартылды.
Кешен қазақ тілінің бес деңгейлік (қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары деңгей) оқулықтарынан тұрады. Оқулықтар қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін анықтайтын Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарының, Қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі бағдарламаның негізінде әзірленді. Оқулық мазмұны белгілі бір тілді екінші тіл ретінде оқытудың халықаралық тәжірибелеріне сәйкес сөйлеу әрекетінің тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым сияқты түрлерін қамтиды. Оқулықта берілген әр сабақ бойынша жаңа лексикалық, грамматикалық тақырыптар ұсынылып, алғашқы меңгерген ақпарат пен кейінгі меңгерген лексикалық бірліктер бірін-бірі толықтырып отырады. Жазылым әрекетін дамыту мақсатында шағын көлемдегі ісқағаздарының бірқатар үлгілерін бекітілген типтік формалары бойынша сөздіктің көмегімен ішінара толтыру тапсырмалары берілді. Ұсынылатын тақырыптық суреттер мен түрлі үлгідегі сызбалар, елтанымдық деректер тіл үйренушілерінің айтылым әрекетін дамытуға негізделді. Тіл үйренушінің тыңдалым бөлігін дамыту мақсатында деңгейге сәйкес тыңдалым мәтіндері аудиотаспалар арқылы жеке ұсынылды.
Бүгінде өңірлердегі барлық тілдерді оқыту орталықтары тіл үйренушілерді аталған оқу құралдарымен оқытуда. Аталған оқу құралдарын қайта толықтырып, жетілдіріп, 2016 жылы «Қазақ тілі» оқулығының қарапайым (А1), базалық (А2) деңгейлері, 2017 жылы орта (В1), ортадан жоғары (В2) деңгейлерінің 2-басылымы жарыққа шықты. Осы жылы
оқу-әдістемелік кешеннің келесі құрамдас негізгі бөлігі ретінде Қазтест тестілеуіне дайындық құралын «Тіл – құрал» оқу құралы, әр деңгей бойынша әзірлеп шықтық.
Жалпы бүгінгі күнге дейін Қазтест жүйесі негізінде 26 аталым бойынша оқу құралы жарыққа шықты.
Сонымен бірге, Орталық Қазтест жүйесін әлемдік тілдік білімді бағалау жүйелері деңгейіне көтеру мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі TOEFL-ды әзірлейтін ETS Global ұйымымен, Түркия Республикасы Гази университеті құрамындағы Түрік тілін оқыту, зерттеу және қолдану орталығымен (TOMER), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы ТРКИ (Тест по русскому языку как иностранному) орталығымен ынтымақтастық орнатып келеді. Жыл сайын Қазтест жүйесінің тест тапсырмаларын әзірлеушілері мен сарапшылары халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткізілетін әртүрлі семинарлар мен авторлық курстарға қатысып келеді. Биылғы жылы да қараша айында Қазтест жүйесінің тест тапсырмаларын әзірлеушілері мен сарапшылары, оқулық авторларының қатысуымен онлайн режимінде іс-шара өткізілді. Мұндай серіктестік отандық жүйені жетілдіруге оң ықпал ететіні сөзсіз.