KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы

ҚАЗТЕСТ – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі


ҚАЗТЕСТ жүйесі Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасы аумағында әртүрлі қызмет түрлерімен айналысатын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі ретінде 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. 

ҚАЗТЕСТ – халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.

ҚАЗТЕСТ-тің құрылымдық жүйесі 5 бөліктен тұрады:

Тыңдалым – диалогтер және монологтарды есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған 20 тапсырма;

Лексика-грамматикалық құрылым – грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған 40 тапсырма;

Оқылым – әртүрлі мазмұнды, түрлі стильдегі мәтіндерді оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған 40 тапсырма;

Жазылым – диктант, мазмұндама және эссе жазу арқылы тіл меңгеру деңгейлерін анықтауға арналған 2-3 тапсырма.

Айтылым – сұрақ қою, жауап беру, пікір айту арқылы сұхбатқа қатыса алуын анықтауға арналған 1-2 тапсырма.

ҚАЗТЕСТ жүйесі қызметінің негізгі бағыттарының бірі –  тест тапсырмаларын әзірлеу және оларды қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында тестілеу өткізу үшін қолдану.

Тест тапсырмаларын әзірлеу жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің 2005 жылғы 3 қазандағы «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін жасау және соның негізінде оқыту әдістемесін әзірлеу» жөніндегі № 24-5/007-321 хаттамалық шешімі негізінде жүргізілуде. Қазіргі уақытта тестіленушілердің тілдік білімін бағалау-өлшеу құралдарының белгілі бір қоры қалыптастырылды. Бүгінге дейін тілші ғалымдардың, әдіскерлердің, тестология саласының мамандарымен (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Назарбаев Университеті», С. Демирел атындағы университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мамандары) ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 100 мыңнан астам тест тапсырмаларының қоры әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Тест материалдарының мазмұны «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің Ұлттық стандарттарымен (СТ РК 1926-2015, СТ РК 1928-2015, СТ РК 1927-2015, СТ РК 1925-2015, СТ РК 1929-2015) реттелген.

Тест тапсырмаларын әзірлеуші мамандар мен сарапшыларға қойылатын талаптарды күшейту мақсатында 2017 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшы мамандар конкурстық негізде іріктелініп алынуда.

Жыл сайын Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ тапсырмаларын әзірлейтін және сараптама жасайтын мамандарға арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруда. 

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу келесі нормативтік құқықтық құжаттар:

- Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын арналған мемлекеттік бағдарламасы;

- Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің Ұлттық стандарттары;

- Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау (ҚАЗТЕСТ) бойынша тестілеу жөніндегі қағидалар негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы  № 1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҚАЗТЕСТ жүйесі мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырудың негізгі көрсеткішін іске асыру тетігі ретінде анықталған.

Соңғы 3 жылдағы статистикаға сүйенсек, 2019 жылы – 38 461 адам, 2020 жылы – 7564 адам, 2021 жылы – 18 910 адам тестілеуден өтті.

Қазіргі уақытта ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілену:

- «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадрлық резервіне үміткерлері;

- Халықаралық «Болашақ» стипендиясына үміткерлер;

- «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мұғалімдері;

- Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің академиясына үміткерлер;

- Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлер үшін міндеттелген тест болып отыр.

Ғылыми-әдістемелік жұмыстар.

Орталықта бағалау-өлшеу құралдарын жасаумен қатар қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі бойынша қазақ тілін оқытуға арналған оқу құралдарын әзірлеу бойынша ғылыми-әдістемелік жұмыс белсенді жүргізілуде.  

ҚР Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 2011-2018 жылдар аралығында үздіксіз білім беру моделі арқылы «Қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқыту» әдістемесі негізінде Назарбаев Университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен ғалымдары, халықаралық «Haileybury» мектебінің тәжірибелі тіл мамандарын жұмылдыруымен қазақ тілін оқытуға арналған 5 деңгейлік оқулықтар, ҚАЗТЕСТ тестілеуіне дайындалуға арналған оқу құралдары жарыққа шыққан болатын. Соңғы жылдары аталған оқу құралдарына сұраныстың артуына байланысты қазақ тілін үйренушілер үшін оқытудың 5 деңгейі бойынша «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік құралының 2-басылымы 2020 жылы жарық көрді. 

ҚАЗТЕСТ базасында ересек тұрғындарға арналған қазақ тілін меңгерудің әрбір деңгейіне сәйкес қажетті лексикалық минимумы, яғни сөздер мен сөз тіркестерінің минимальды қоры қалыптастырылды.

Мемлекеттік стандарттардың негізінде республика аймақтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қатысуымен типтік бағдарлама әзірленді. Нәтижесінде, ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу арқылы ересек тұрғындарға мемлекеттік тілді меңгертудің стандартталған әдіснамасы мен бағалау технологиясы қалыптасты.

Бүгінгі күнде республикамыздағы барлық Тіл оқыту орталықтары ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде әзірленген оқу құралдарымен тіл үйренушілерді оқытуда.

Сонымен бірге, аталған оқулықтармен Будапешт университеті, Польшадағы А. Мицкевич университетінің студенттері де оқуда.

Қазіргі уақытқа дейін тіл үйренушілерге арналған 27 оқу-әдістемелік құрал әзірленіп, жарыққа шықты.

Халықаралық ынтымақтастық

ҚАЗТЕСТ жүйесін әлемдік тілдік білімді бағалау жүйелері деңгейіне көтеру мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – TOEFL-ды әзірлейтін ETS Global ұйымымен; Түркия Республикасы Түрік тілін оқыту, зерттеу және қолдану орталығымен (TOMER); М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы ТРКИ (Тест по русскому языку как иностранному) орталығымен, халықаралық «Хейлибери» мектептерімен ынтымақтастық орнатты.

Толығырақ ақпартпен http://kazakhtest.kz/kz/ сілтемесі арқылы өтіп, таныса аласыз.


Қазтест жүйесі бойынша өткізілетін сертификаттық тестілеуге қатысты ақпарат

Ұлттық тестілеу орталығы 2022 жылы ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырмалары санының ықшамдалып, тестілеу форматына сөйлеу әрекетінің өнімді түрі – Сөйлесім бөлігінің енгізілгенін хабарлайды (Орталықтың 2021 жылғы 18 қарашадағы 489-НҚ бұйрығына сәйкес).

Ұлттық тестілеу орталығының ғимаратында Қазтест жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу Орталықтың бекітілген кестесіне сәйкес өтеді және тестілеуге тіркеу жұмыс күндері жүргізіледі.

Сертификаттық тестілеудің төлемақысын сайтта көрсетілген деректемелер бойынша кез келген екінші деңгейлі банк бөлімшелерінде, сондай-ақ тестілеуге онлайн төлемді https://cabinet.testcenter.kz сілтемесі арқылы жасай аласыздар.

Төменде назарларыңызға 2022 жылға арналған Қазтест жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу кестесін ұсынамыз:



/kaztest/