KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы

Білім беру гранттарының конкурсын өткізу қорытындысы бойынша ақпарат:

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 25 тамыздағы № 443 «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру» қағидаларына сәйкес "Бакалавр" дәрежесі берілетін жоғары білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен толық немесе ішінара ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі – жоғары білімнің білім беру гранттары) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 8-1-тармағында көзделген жағдайды және осы тармақтың тоғызыншы бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда, оқуға түсушілер өтініш берген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлік табыс етіліп, ҰБТ нәтижелеріне сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша конкурстық негізде беріледі.

Білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган республикалық конкурстық комиссия құрады.

Конкурсқа өтініштер қабылдау нәтижесінде 104 121 талапкерден өтініштер келіп түсті. Күндізгі толық оқыту нысаны бойынша – 100 385, күндізгі қысқартылған оқыту нысаны бойынша – 3 736.

Талапкерлер конкурсқа 2024 жылдың 16 мамыр мен 12 шілде аралығында өткен ҰБТ сертификаттарының бірімен қатысты.

ТЖ режимі жарияланған өңірлерден (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) қатысқан түсушілерге республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін ағымдағы жылдың қаңтар, наурыз айларында өткізілетін ҰБТ-ның ең үздік нәтижесімен қатысу мүмкіндігі берілді. Бұл ретте түсуші ағымдағы жылдың мамыр-шілде айларында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуы міндетті болды.

Конкурста басым құқығы мен жеңілдіктері (квота) бойынша:

- «Алтын белгі» белгісінің иегерлері – 6403  (2023 жылы – 5904), оның ішінде 5420 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 197 адам жеңілдігін пайдаланды;

- «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар» - 108 (2023 жылы – 91), оның ішінде 68 білім беру гранты иегерлері атанды;

– Халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың, орындаушылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары - 816 (2023 жылы – 674), оның ішінде 352 білім беру гранты иегерлері атанды;

- Мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер – 46 (2023 жылы – 52), оның ішінде 42 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 30 адам жеңілдігін пайдаланды;;

Сондай-ақ, конкурста:

- жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар саны  - 709 (2023 жылы – 668), оның ішінде 694 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 481 адам жеңілдігін пайдаланды;

- I және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар саны -  822 (2023 жылы – 718), оның ішінде 744 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 418 адам жеңілдігін пайдаланды;;

- кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар саны –26 103 (2023 жылы – 22 129), оның ішінде 19 849 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 3 578 адам жеңілдігін пайдаланды;

- кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар саны – 9922 (2023 жылы – 10 284), оның ішінде 6 690 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 933 адам жеңілдігін пайдаланды;

- бала кезінен мүгедек балаларды, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар саны –1 979 (2023 жылы – 1 767), оның ішінде 1 619 білім беру гранты иегерлері атанды, оның ішінде 437 адам жеңілдігін пайдаланды;

- Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, ұлты қазақ тұлғалар – 1 916 (2023 жылы – 942), оның ішінде 1 604 білім беру гранты иегерлері атанды;

- Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота жобасы бойынша конкурсқа өтініш берген адамдар саны – 5 785 құрады, оның ішінде 2 658 білім беру гранты иегерлері атанды (2023 жылы – 2060).

Конкурстың қорытындысы бойынша 73 779 адам білім беру гранты иегерлері атанды. Оның ішінде күндізгі толық оқыту нысаны бойынша – 77 701, күндізгі қысқартылған оқыту нысаны бойынша – 2 078 адам.

Нормативті-құқықтық актілерге сәйкес студенттер қатарына қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларымен 2024 жылғы 25 тамызға (қоса есептегенде) дейін жүзеге асырылды.

Қабылдау кезінде оқуға түсуші грант иегері бола отырып, білім беру бағдарламаларының тиісті тобынан білім беру бағдарламасын таңдау мүмкіндігіне ие болды.

Мысалы, «Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша грант иегері қабылдау кезінде оқуға түсуші «Химия» немесе «Химия-Биология» бойынша білім беру бағдарламасын таңдай алды.

Білім беру гранттары игерлерінің электрондық куәлігін https://grant.testcenter.kz/search сілтемесі арқылы жүктеуге қолжетімді.