26.10.2025
28 қазанда докторантураға түсу емтиханына құжаттарды қабылдау басталады. Өтініш беру ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы өтеді.
Докторантураға түсу емтиханын тапсыруға өтініш беру 2025 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады. Докторантураға түсушілер ДТЕ-ге қатысу үшін өтініш бергенге дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсыруы қажет. Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.
Түсу емтиханы желтоқсан айында өтеді. Егер түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау базасы жабылғанға дейін (10 қарашаға дейін) өтінішті өңдеуге немесе өшіруге мүмкіндік беріледі. Қосымша тестілеуді өткізу орны, күні мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде ағымдағы жылғы 14 қарашада, түсу емтиханы бойынша ақпарат 27 қарашада қолжетімді болады.
Философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша, оның ішінде индустриялық PhD бағдарламалары бойынша докторантураға түсу емтиханы әңгімелесу және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтары бөлімдерінен тұрады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға білім алу үшін түсу емтиханынан кемінде 75 балл, бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша, оның ішінде индустриялық PhD бағдарламалары бойынша докторантураға – кемінде 50 балл жинаған тұлғалар конкурстық негізде қабылданады.