26.10.2025
28 қазанда магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау басталады. Өтініш беру ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы өтеді.
КТ-ға өтініш беру 2025 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау ағымдағы жылғы 28 қазан мен 10 қараша аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен жүзеге асырылады.
Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды. Түсушілер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (10 қарашаға дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру қаласын өзгерту бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады. Өтініштерді қабылдау базасы жабылғаннан кейін таңдалған білім беру бағдарламаларының тобы мен тестілеу тапсыру қаласы өзгертілмейді. Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде ағымдағы жылғы 14 қарашада қолжетімді болады.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл.
Бейінді магистратураға түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша кемінде 7 балл.