KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰБТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ИННОВАЦИЯЛАР ТУРАЛЫ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ 18.09.2025

ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰБТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ИННОВАЦИЯЛАР ТУРАЛЫ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

Назарбаев университетінде орта білім ұйымдарының басшылары мен педагогикалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Білім берудегі аймақтық көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект іс-қимылда» атты конференция өтті. Іс-шара барысында ҰТО директоры Болатбек Абдрасилов «ҰБТ: инновациялар, жаңартулар және білім сапасына ықпалы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Болатбек Серікбайұлы өз сөзінде ҰБТ жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарды, қолданылып отырған инновациялық шешімдерді және алдағы стратегиялық мақсаттарды атап өтті. Ол ҰБТ-ның қазіргі таңда толықтай электрондық форматта, Face ID биометриялық сәйкестендіру, қауіпсіз браузер, онлайн апелляция және «eGov Mobile» қосымшасындағы электронды сертификат сияқты заманауи технологиялармен жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Сонымен қатар, директор Ұлттық тестілеу орталығының ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания), Жоғары экономика мектебі (Ресей), College Board (АҚШ) секілді халықаралық ұйымдармен әріптестігі жөнінде баяндап, бірлескен зерттеулердің нәтижесінде жасанды интеллект негізінде тест тапсырмаларын автоматты түрде генерациялау, бейнеаналитика арқылы прокторингті жетілдіру және психометриялық талдаудың сапасын арттыру бағыттарында нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Баяндамада ҰБТ мазмұнын жаңғырту аясында «Skills for the Future» тұжырымдамасы енгізіліп жатқаны туралы ерекше аталып өтті. Ол оқушылардың ХХІ ғасыр дағдыларын өлшеуге бағытталған эссе, мультимедиялық және контекстік тапсырмалар әзірленіп жатқанын айтты. Бұл қадамдар білім сапасын бағалауда жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді.

Конференцияға облыстық, қалалық және аудандық білім басқармаларының басшылары, мектеп пен колледж директорлары, Назарбаев университетінің ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Іс-шара соңында қатысушылар ҰБТ жүйесін жетілдірудің жаңа тәсілдері мен білім сапасын арттыру жолдары бойынша мазмұнды пікірталас өткізді.


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу