Наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 27 ақпанда басталып, 10 наурызға дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 1-31 наурыз аралығында өтеді.
Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Естеріңізге сала кетсек, 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталды, ол тестілеуге 134 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде талапкерлердің 76,4% – ы қазақ тілінде, 23,5% - ы орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті балды 77,5% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.
Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу