KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
03.08.2021

«Педагогикалық өлшеулер әдістемесінің негізі» атты оқыту семинары өтті.

2021 жылғы 28 маусым – 2 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығы Шымкент қаласы мұғалімдеріне «Педагогикалық өлшеулер әдістемесінің негізі» атты оқыту семинарын өткізді.

Семинар Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі бойынша функционалдық сауаттылықты бағалауға арналған тест тапсырмаларын құрастыру әдістемесіне негізделді. Оқыту семинарына Шымкент қаласынан 39 мұғалім қатысты.

Тыңдаушылар қазақстандық білім сапасын бағалау жүйесіндегі мониторингілік зерттеудің мақсат, міндеттерімен танысып, зерттеуде қолданылатын өлшем құралдарының теориялық негіздері мен тәжірибелік әдістемесін қарастырды.

Семинар барысында баса назар оқу сауаттылығы, жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы, математикалық сауаттылық бойынша контекстік тест тапсырмаларын әзірлеу әдістемелері мен олардың ерекшеліктеріне бағытталды. Контекстік (мәтін мен мәтінге құрылған тапсырмалар байланысы) тапсырмалардың білім сапасын бағалаудағы маңыздылығын, жүйелілігін және оқушының танымдық қызығушылығын арттыратын тұстары туралы айтылды.

Семинардың тәжірибе бөлімі тест тапсырмаларының әзірлемесі мен сараптама жұмыстарына арналды. Қатысушылар тест тапсырмасын әзірлеуді, өңдеуді, сараптауды және жүйелі талдау жұмыстарын игерді. Орындаған жұмыстарының қорытындысы ретінде мұғалімдер тест тапсырмаларын құрастыру әдістемесі бойынша өз жобаларын қорғады. Оқыту семинарына қатысқан мұғалімдер Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан өткізілетін тест тапсырмаларының әзірлеме және сараптама жұмыстарына қатыстырылады.


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу