KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
2021 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы (қаңтар) 19.02.2021

2021 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы (қаңтар)

2021 жылғы 20 қаңтар мен 3 ақпан аралығындағы ҰБТ қалауы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде оқуға қабылдану үшін орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 (12) сынып оқушыларына; ЖОО-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін; ЖОО-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар үшін қағаз форматта өткізілді.

Нақты тестілеуге 116085 адам қатысты, ол өтініш берушілердің 96,6%-ын құрады. Оның ішінде шектік деңгейден өткендер саны – 57679 (49,7%).

Биылғы қаңтардағы ҰБТ-ның басты ерекшеліктері:

1. Бірінші маңызды өзгеріс - міндетті және бейіндік пәндер бойынша тапсырмалар санының өзгергенінде.

Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылық бойынша тапсырмалар саны қысқартылды.

Міндетті пәндер:

1.       Қазақстан тарихы – 15 тапсырма;

2.       Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма.

3.       Математикалық сауаттылық – 15 тапсырма;

ҰБТ-ның бейіндік пәндері бойынша тест тапсырмаларының саны артты:

1.         1-бейіндік пән – 35 тапсырма;

2.         2-бейіндік пән – 35 тапсырма.

Тестіленушілер Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылық пәндері бойынша 15 балл, оқу сауаттылығы бойынша 20 балл және бейіндік пәндердің әрқайсысынан 45 балдан жинай алады. Бірақ жалпы балл - (140 балл) өзгеріссіз қалады.

2. Екінші маңызды өзгеріс - бейіндік пәндерге контекст негізіндегі тест тапсырмаларының қосылуы.
         Контекст негізіндегі тапсырмалар пән бойынша терең білімді (меңгерудің жоғары деңгейі), контекстті оқу мен түсіну, контекст мазмұны бойынша рефлексия жасау, салыстыру мен талдау және т.б. кең көлемдегі дағдылар мен біліктерді бағалайды.

Карантин жағдайында өткізілген тестілеудің әрбір кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптары сақталды: медициналық қызметкерлердің кезекшілігі ұйымдастырылып, қатаң маскалық режим, дезинфекциялық іс-шаралар (баррикадалық ленталар, тепловизордың, кварцтауға арналған аппараттың болуы) жүргізілді. Ғимаратта адамдардың шоғырланбауы қадағаланды. Сондай-ақ, ғимаратқа кіргізу кезінде температурасы 37 градустан жоғары 11 тестіленуші тестілеуге жіберілмеді. Жоғары температурамен тестілеуге жіберілмегендер келесі лектерге қосымша отырғызылды.

Тестіленушілер тестілеуге жеке басын куәландыратын құжатпен, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ тұлғалар туу туралы куәлігімен және өзі білім алатын орта білім беру ұйымының анықтамасымен кіргізілді.

Аймақтарға тестілеу технологиясын бақылау үшін 865 тестілеу администраторлары жіберілді, оның ішінде: жоғары оқу орындарының       149 қызметкері, БССҚД 34 қызметкері, Ұлттық тестілеу орталығының (бұдан әрі - Орталық) 7 қызметкері мен Орталық филиалдарының 272 қызметкері, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілдері мен арнайы мониторингтік топ мүшелерінен 403 адам жұмылдырылды.

Тестілеуге кіргізу барысында металл іздегішпен тексеру кезінде тыйым салынған заттармен ұсталынған 358 тестіленушіге акт жасалып, тестілеуге жіберілмеді.

Тестілеу барысында ҰБТ-ны өткізу ережелерін бұзғаны үшін және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 258 тестіленуші тестілеуден шығарылды.

Тестілеуге кіргізу кезінде 10 бөгде тұлға анықталып, тестілеуге жіберілмеді.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарының жекелеген өңірлерінде тестілеу легі тоқтатылды. Осыған байланысты аталған өңірлердің мектеп бітірушілеріне ҰБТ-ның қосымша лектері ашылды.

Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша 33 ерекше білім беруді қажет ететін тестіленушілерге жеке аудиториялар мен арнайы көмекшілер бөлінді.

ҰБТ-ға қатысушылардың ішінен 32782 тестіленушілер (28,2%) "Математика – Физика", 21591 (18,6%) адам - "Химия-Биология" бейінді пәндер комбинациясын таңдады. Қатысушылардың ең аз саны, яғни 194 адам (0,2%) – "Химия-Физика" комбинациясын таңдады.

 



Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу