2025 жылғы 14 қазанда Ташкент қаласында өткен «Білім мен біліктілікті бағалаудың теориялық және практикалық тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы (ары қарай – ҰТО) директорының орынбасары Талғат Ниязов қатысты. Іс-шара Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігіне қарасты Білім мен дағдыларды бағалау агенттігінің 30 жылдығына арналды.
Конференцияны ашқан Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Конгратбай Шарипов білім сапасын бағалаудың ашық, ғылыми негізделген және халықаралық стандарттарға сай жүйесін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға білімді бағалау саласындағы жетекші халықаралық және ұлттық ұйымдар, Орталық Азия мен Еуропа елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттері қатысты.
ҰТО директорының орынбасары Талғат Ниязов «Бірыңғай ұлттық тестілеудің инновациялары, зерттеулері және цифрлық трансформациясы» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық бағалау жүйесіне заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті.
«Бүгінде ҰБТ – тек қана емтихан емес, білімді бағалау саласында инновациялар мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын заманауи платформа. Біз тапсырмаларды генерациялау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізіп, психометриялық модельдерді қолданудамыз және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытып келеміз. ҰБТ-ны жаңғырту бағалаудың сапасы мен объективтілігін арттырып қана қоймай, деректерді талдау мен ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді Талғат Ниязов.
Конференция ғылыми идеялармен алмасу, білімді бағалаудың халықаралық үрдістері мен үздік тәжірибелерін талқылау, сондай-ақ білімді тестілеу жүйесін жетілдірумен айналысатын ұйымдар мен сарапшылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.
ҰТО білім сапасын бағалау құралдарын жетілдіру мен білім беру саласының ғылыми-әдістемелік базасын дамытуға бағытталған халықаралық бастамаларға белсенді қатысуды жалғастырып келеді.