KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
ЕКІ АПТА ІШІНДЕ 53 МЫҢ ТАЛАПКЕР ҚАҢТАР ҰБТ-СЫН ТАПСЫРДЫ 29.01.2024

ЕКІ АПТА ІШІНДЕ 53 МЫҢ ТАЛАПКЕР ҚАҢТАР ҰБТ-СЫН ТАПСЫРДЫ

Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 53 мыңнан астам адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 73,6% – ы қазақ тілінде, 26,3% - ы орыс тілінде, 35 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 73% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 65 балды құрады. Ең жоғары балл – 134.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» және «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17%-дан тапсырды. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 11% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 59 адам тапсырған.

«Бүгінгі таңда 63 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 43 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 20 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ», - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптада 158 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу