ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы 2023-2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдарын жариялады.
Атап өтейік, шекті балдар өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.
Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО-лар ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілеуге құқылы.
ҰТО жыл сайын талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында еліміздің барлық жоғары оқу орнының шекті балдарын ортақ тізімде ұсынады. Бұл деректер оқу орындарының веб сайттарында да қолжетімді.
«Мысалы, бір түлек математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді деп алайық. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе ЕҰУ-дың ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Сіздер білетіндей, «Педагогикалық ғылымдарға» шекті балл кемінде 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Алайда, бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек, түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеу керек. Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуі тиіс», - деп атап өтті ҰТО директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жақын уақытта жарияланатын болады.
ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы
Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу