07.07.2022
154 МЫҢ ТАЛАПКЕР ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІ ТАПСЫРДЫ
2022 жылы 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76%-ға жуығы қазақ тілінде, 24% - ы орыс тілінде, 0,1% - ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Екінші жыл қатарынан ҰБТ электронды форматта өткізілді.
Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 67%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы немесе 33%-ы шекті балл жинай алмады.
ҰБТ орташа балы 66 балды құрады. Ең жоғары балл – 139 балл. 3179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Талапкерлерге тестілеуді екі рет тапсыруға және білім беру грантын тағайындау конкурсына үздік нәтижені ұсынуға мүмкіндік берілді. Қабылданған шаралар талапкерлердің арасында ҰБТ-ға дайындық кезінде стресс деңгейін төмендетті.
Тестілеу бес пән бойынша өткізілді: үш міндетті және екі бейінді. Тест тапсырмаларының саны 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша – 35 тапсырма. Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут).
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл олардың саны 10 есеге жуық артып, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 811 бала қатысты», – деді ҚР ҒЖБ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова.
Министрлік тек тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық. Бұл жүйе барлық талапкерге тегін негізде қолжетімді. Сонымен қатар оқу жылы бойы білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізілді.
«Сонымен қатар алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданды. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберілді. Тестілеудің өту барысын ата-аналар тікелей эфирде қарады. Бұл мүмкіндік бесінші жыл қатарынан беріліп отыр», – деп атап өтті Гүлжан Жарасова.
Электронды форматта өтетін ҰБТ-да апелляцияға беру оңай, әрі ыңғайлы. Тестілеу қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер бұрынғыдай келесі күнді күтпей-ақ дереу апелляцияға электрондық форматта өтініш береді. Биыл апелляцияға 50 мыңнан астам өтініш берілді, олардың ішінде 318 өтініш қанағаттандырылды. Мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.