KZ RU EN
Национальный центр тестирования

Педагог қызметкерлерге арналған жаңа форматтағы

Ұлттық біліктілік тест туралы

 Ұлттық біліктілік тестілеуі – білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ұйым әзірлеген тестілер бойынша бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және арнайы білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындауға бағытталған рәсім.

Ұлттық біліктілік тестілеу 2018 жылдың мамыр айынан бастап өткізіледі. Тестілеу 3 рет қағаз түрінде өткізілді.

2019 жылғы қарашада Ұлттық біліктілік тестілеуі алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығымен және "U-FUTURE"ЖШС-мен біріге отырып, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда компьютерлік тестілеу түрінде өткізілді.

Тестілеуді өткізу процесін бақылау Ұлттық тестілеу орталығында орналасқан ахуалдық орталық арқылы жүзеге асырылды.

Тест тапсырмаларының құрылымы мен тестіленуге берілетін уақыт өзгеріссіз қалды. Тестілеудің жалпы уақыты – 3 сағат 20 минут (200 минут), ал математика, физика, химия, информатика пәндері үшін – 3 сағат 50 минут (230 минут).

Ұлттық біліктілік тестілеу екі блокқа бөлінеді және барлығы 100 тест тапсырмасынан тұрады: бірінші блок - «Оқыту пәнінің мазмұны» бойынша 70 тапсырма, екінші блок - «Педагогика, оқыту әдістемесі» бойынша 30 тапсырма.

«Оқыту пәнінің мазмұны» бойынша тест тапсырмалары педагог қызметкерлердің терең академиялық білімін, практикалық икемділігі мен дағдыларын анықтауға бағытталған. Ол үшін 3 түрлі формадағы тапсырмалар қолданады:

1) бір дұрыс жауабы бар тапсырмалар,

2) бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмалар,

3) бір дұрыс жауабы бар мәнмәтіндік тапсырмалар.

Тапсырмалар мазмұны мен формаларының әртүрлілігі оқу материалдарын жаттап алу және болжап белгілеу жағдайларын болдырмай, педагог қызметкерлердің нақты білімі мен қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.

Бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету және тест тапсырмаларын бағалау кезінде даулы мәселелерді шешу, тестілеуді өткізу кезеңінде аттестатталушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия құрылды.

Тестілеу аяқталғаннан кейін аттестатталушы нәтижелермен танысады. Келіспеген жағдайда онлайн апелляцияға береді. Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу аяқталғаннан кейін 60 минут ішінде беріледі.

Онлайн апелляция – тестілеу аяқталғаннан кейін компьютерлік тестілеу кезінде апелляцияға өтініш беру.

Онлайн-апелляцияны енгізу келесі мүмкіндіктерді ұсынады:

1) өтініш беру үшін тестілеу өткізу пунктіне қайтарудың қажеті жоқ;

2) қатемен жұмыс істеу барлық сұрақтарға рұқсат береді;

3) егер апелляция қанағаттандырылса, онда балл автоматты түрде осы сұрақтар болған басқа тестіленушілерге қосылады;

4) апелляцияға берілген өтініштер бірден Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына түседі.

Тестілеу нәтижесін және онлайн апелляция нәтижелерін "U-FUTURE" ЖШС-нің uapp.kz сайтынан ЖСН және парольді (ТЖК) енгізу арқылы көруге болады.