8 (7172) 317 404
info@testcenter.kz
2017 ж. КТ-қайта тапсырушылар нәтижелері

Жаңалықтар

ҚАЗТЕСТ-тің жаңа бағыты таныстырылды

15.26 podrobno (1).jpgҚабылданған мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі алға қойылған мақсат пен міндеттердің жетістіктерін талдау арқылы бағаланады. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды іске асыру жолдары» атты семинардың тақырыбы да Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы  міндеттерінің біріне арналды.

Кезекті семинар ағымдағы жылдың 9 маусым күні Жамбыл облысының Тілдерді оқыту орталығында онлайн форматта өтікізілді, нәтижесінде семинарға 14 облыс және Астана, Алматы қалалары қатысты.

Онлайн семинардың әдеттегі форматта өтетін семинарлардан ерекшелігі қатысушыларға іссапар шығындарын қажет етпейді, алайда ақпараттық жүйені сүйемелдеу және техникалық қолдаудың жоғары дәрежеде болуын қамтамасыз ету маңызды.

Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, ф.ғ.к. Тілешов Ербол Ердембекұлы семинар модераторы ретінде әрбір баяндамаға, қатысушылардың ұсыныстары мен пікірлеріне білікті, орынды түсінік беріп отырды. Сонымен қатар өз тарапынан ҚАЗТЕСТ оқу-әдістемелік құралдарын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар мен пікірлер білдірді. Семинар барысында аталған орталықтың басшылығы мен ұжымы ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығымен өзара серіктестікке дайын екендерін жеткізді.

12 жыл бойы отандық жүйені енгізу мен дамыту бойынша қызмет атқарып келе жатқан ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқарма басшысы (бұдан әрі – басқарма) қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту және республикадағы ересек тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау саласында нормативтік құжаттарды қолданудың қазіргі таңдағы жай-күйі туралы: «Өңірлік орталықтар басып шығаратын барлық оқу-әдістемелік құралдар тікелей Ұлттық стандарттар мен бірүлгі бағдарламаға сәйкес болу керек, сонда ғана қазақ тілін оқыту әдістемесі стандартталады», - деп баса айтты. Тілдерді дамытудың өңірлік басқармаларының назарына диагностикалық тестілеуге, бірінші кезекте, мемлекеттік тілді меңгермеген, күнделікті тұрмыста, қызметте қолданбайтын, аудармашыға мұқтаж азаматтар қатысу керек екенін тағы да еске салып өтті.

Басқарма менеджерлері қазақ тілін В1 және В2 деңгейлерінде оқытуға арналған оқулықтар мен А1, А2 деңгейлеріне арналған лексикалық минимумдардың мазмұнын жаңарту жоспары бойынша баяндама жасады.

Ағылшын тілінің оқытушыларына арналған ТКТ (Teaching Knowledge Test) халықаралық емтиханына ұқсас қазақ тілінің оқытушылары мен әдіскерлері арналған отандық емтиханның ҚАЗТЕСТ базасында әзірленіп, енгізілетіні қазақ тілінің оқытушылары мен әдіскерлері үшін жаңалық болды. Бұл тестілеу түрінің форматы ашық түрдегі жазба емтиханына сәйкес. Жоба ҚР Үкіметінің қазақ тілі оқытушылары мен әдіскерлеріне арналған отандық емтиханын әзірлеу туралы міндетін іске асыру мақсатында таныстырылды. Аталған емтиханды енгізудің форматы, құрылымы, кезеңдері мен негізгі тұстары қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық туғызды.

Мемлекеттік тілді оқытудың өңірлік орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері үшін қазақ тілін А2-базалық, В1-орта және В2-ортадан жоғары деңгейлер бойынша оқытуға арналған шеберлік сабақтар әдістемелік тұрғыда жоғары маңызға ие болды.

А2 деңгейінің сабағын Ақмола облысы, Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Кешуова жүргізді. Тыңдаушылары өзге ұлт өкілдері болғандықтан, бұл деңгейді оқыту біршама қиындық туғызады. Дегенмен тыңдаушылар белсенді әрекет түрлері арқылы өз өңірлері және оның көрікті жерлері туралы әңгімелеп бере алды.

В1 деңгейіндегі топтың сабағын Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының өкілі Ш.Б.Бахытбек өткізді. Шынар Бахытбекқызының әрбір тіл үйренушіге жылы қабақ танытып, жағымды орта орната алуы сабақтың жоғары бағаға ие болуына септігін тигізді. Жаттығулар ҚАЗТЕСТ тапсырмаларына жақын болып, оқыту мен бағалаудың сабақтастығы байқалды.

Нағыз шеберлік сабағын Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.М. Бахытова көрсетті. Оқытушының сабақ беру стилі, ерекше дарыны, даусы, әртістілігінің өзі курс тыңдаушыларына да, жалпы сабақ барысына да жағымды әсер ете алды. Ал қомақты қаржы жұмсала тұра,  курсқа келмейтін ұйым қызметкерлеріне шағым айтатындар кінәні, алдымен, өздерінен іздеу керек. Бұл тіл үйренушінің сабаққа келмеуінің бірден-бір себепшісі өзіңіз болуыңыз әбден мүмкін деген сөз. Мүмкін оқытушының жеке тұлғалық қасиеттері, мінез ерекшеліктері оң болса, тіл үйренуші сабаққа үзбей келер ме еді.

Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылығы мен ұжымына, сондай-ақ Жамбыл облысының Тілдерді дамыту басқармасы мен Тілдерді оқыту орталығына серіктестік танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шын жүректен алғыс білдіреді.

Толығырақ: http://www.tilortalyq.kz/kk/3343.html




  • МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ МЕН ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ
  • СТУДЕНТТЕРГЕ
  • ДОКТОРАНТУРА МЕН МАГИСТРАТУРАҒА ТҮСУШІЛЕРГЕ
  • ОҚУШЫЛАР МЕН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ