KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ 70%-ДАН АСТАМЫ НАУРЫЗ ҰБТ-ДА  ШЕКТІ БАЛЛ ЖИНАДЫ 04.04.2022

ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ 70%-ДАН АСТАМЫ НАУРЫЗ ҰБТ-ДА ШЕКТІ БАЛЛ ЖИНАДЫ

Наурыз айындағы ҰБТ аяқталды. Талапкерлердің 70%-дан астамы наурыз айындағы ҰБТ-да шекті балл жинады, бұл былтырғы көрсеткіштерден 6%-ға артық. Ал орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 135.
Наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 105 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде түлектердің 78,2%-ы қазақ тілінде, 21,7%-ы орыс тілінде, 0,2%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Наурыз айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 211 бала қатысты. Өткен жылы осы кезеңде көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған 35 талапкер тестілеуден өтті. Айта кетсек, биыл алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт берілді.
Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» және «Химия-Биология» болып өзгеріссіз қалды. Аталған пәндерді сәйкесінше қатысушылардың 27% және 19% таңдайды. Ең аз таңдалатын комбинация – «Химия-Физика» (0,12%).
Өткен жылғы қаңтардағы ҰБТ-мен салыстырғанда тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттерінің саны да азайды. Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 99 талапкер айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ үш деңгейлі жүйе бойынша өткізіледі: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу алғаш рет «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізілді. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 259 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Айта кетейік, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы тестіленушілерді ақпараттық қолдау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр. Наурыз айындағы ҰБТ кезеңінде электрондық поштаға 500-ге жуық жазбаша өтініштер, call-орталыққа 2 500-ге жуық қоңырау, сондай-ақ әлеуметтік желілерде 11 000-нан астам өтініш келіп түсті және өңделді. Негізінен, талапкерлердің сұрақтары тестілеуге қатысу, жеке кабинетке кіру, техникалық қолдау және т. б. қатысты болды.

ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу